• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
Аймақтар 15 Маусым, 2018

Алматы облысының үздік медицина қызметкеріне 1 миллион теңге берілді

580 рет
көрсетілді

«Бірінші байлық - денсаулық» деген ұлғатты сөздің аясына жан мен тән амандығы ғана емес, міндеттеріне адал маман - дәрігерлерге деген құрмет пен мадақ та кіретін болса керек. Өйткені, «басы ауырып, балтыры сыздаған» науқастың дертіне шипа іздеп баратын жері осы қолы емсек жандардың алды екені анық. Ал дәрігердің міндеті тек емдеу ғана емес, түрлі кеспаттың алдын алу, індеттің жолы кесу сияқты жауапты жұмыстан тұрады.

Бұл тұрғыдан алғанда жетісулық ақ желеңді абзал жандардың жұмысына жоғары баға беруге болады. Кәсіби біліктің күн санап артып, мемлекет тарапынан жасалған қолдаудың жыл санап жақсаруы аймақтағы медицина саласының дамуын жаңа белеске көтеріп отыр. Мемлекет қолдауы дегеннен шығады, қазір облыстағы медицина мекемелерінің әлеуеті жақсарған. Мысалға, өткен жылы ғана Алматы облысында 17 денсаулық сақтау нысаны қолданысқа беріліп, олардың қатарында 7 дәрігерлік амбулатория, 8 фельдшерлік-акушерлік пункт қызмет көрсетуді бастады.  Биыл емханалар мен фельдшерлік пунктерді жаңада нсалу мен күрделі жөндеу жұмыстары жалғасады. Дәл осы мақсатта бюджеттен 11,7 млрд. теңге қарастырылған. Мұнан бөлек, өңірдегі медицина мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға да айрықша көңіл бөлініп, жыл басынан бері  3,4 млрд теңгеге қосымша заманауи медициналық құрал-жабдықтар сатып алынды. Ал денсаулық сақтау саласының осы жылғы бюджеті 46,4 млрд теңгені құрады.

Әрине, медицина саласының жұмысын әлеуметтік көзқарас тұрғысынан сараптағанда толыққанды оң бағалау мүмкін емес. Яғни, денсаулық сақтау саласына сын көп айтып, дәрігерлердің міні де көптеп көрініп тұратынын жасыра алмаймыз. Рас, бұл салада проблема шаш-етектен. Бірақ, бір жақты бағалау адам жанына араша түсіге әрдайым асығатын, Гиппократ антына мейлінше адал ақ желең киген азаматтардың қызметін іске алғысыз қылуға себеп болмауы тиіс. Отан медицинасының көшін ілгері сүйреп келе жатқан қарапайым дәрігерлердің лайықты бағасын білуіміз керек. Шипалы қолымен, қамқор ниетімен ел алғысына бөленген дәрігерлер жетіп артылады. Оларға деген құрмет те шексіз. Мысалға, Алматы облысының әкімдігі медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында аймақтағы еңбегі жанған дәргерлерді марапаттап, құрмет көрсетуді дәстүрге айналдырған. Осы үрдіс биыл да жалғасып, күні кеше «Үздік дәрігер», «Үздік ауыл дәрігері» және «Үздік хирург» аталымдары бойынша қара үзіп шыққан жеңімпаздар марапатталды. Денсаулық сақтау мамандарын  Медицина қызметкерлері күні мерекесімен құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар үздік дәргерлерге 1 миллион теңге ақшалай сыйлық тапсырды. Облыста денсаулық сақтау саласына ерекше назар аударылатынын тоқталған әкімнің орынбасары: 

- Біз күнделікті күрделі де жауапты істі абыроймен атқарып жүрген медицина саласының барлық қызметкерлеріне зор ризашылық білдіреміз. Өз тарапымыздан медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға, медицина мамандарының алаңсыз жұмыс істеуіне қолайлы жағдай тудыруға бар мүмкіндікті жасаймыз. Халықтың денсаулығын нығайту, саламатты өмір салтына үндеу – баршамыздың ортақ мақсатымыз,– деді құттықтау сөзінде.

Биыл Жетісудың үздік дәргерлерін анықтау 11 номинация бойынша жүргізіліпті. Нәтижесінде Қарасай аудандық орталық аурухананың реанимация бөлімінің меңгерушісі Дамиля Қылышпаева «Үздік дәрігер», Талғар ауданы Кеңдала дәрігерлік амбулаториясының меңшерушісі Мадина Карамшук «Үздік ауыл дәрігері», Талдықорған көп салалы ауруханасының хирург дәрігері Еркен Исаев «Үздік хирург» және Қапшағай қалалық ауруханасы директорының орынбасары Айсұлу Оңғарова «Денсаулық сақтау саласының үздік менеджер-ұйымдастырушысы» атанып, жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Сондай-ақ, медицина мекемелері арасынан Жамбыл ауданы Ынтымақ ауылдық дәрігерлік амбулаториясы «Үздік ауылдық дәрігерлік амбулатория», Іле аудандық орталық аурханасы «Үздік аудандық орталық аурухана», Талдықорған қалалық балалар ауруханасы «Үздік медициналық мекеме» номинациялары бойынша жеңімпаз болып, ақшалай сыйлықтарға ие болды.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

Алматы облысы.